Түркістан облысында той кортежінде нөмірсіз жүрген жүргізуші жауапқа тартылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында той кортежінде нөмірсіз жүрген жүргізуші жауапқа тартылды. Сондай-ақ, ол қосымша жарықшамдар орнатып, жол ережесін өрескел бұзған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында той кортежінде нөмірсіз жүрген жүргізуші жауапқа тартылды

Оқиға Ақсукент ауылында болған. Көлігіне рұқсат етілмеген құрылғыларды орнатқан жүргізуші Жібек жолы көшесінде қарсы қозғалыс жолағына өтіп, емін-еркін жүрген. Сайрамдық сақшылар күдікті көлікті көшенің қақ ортасында тоқтатты. Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған күдіктіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің бірнеше бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ал көлігі айыптұраққа қойылды. Сондай-ақ, айғақты зат ретінде көлік құралына заңсыз орнатылған жарық пен дыбыс сигналдарына арналған құрылғы тәркіленіп алынды.

«Атап айтар болсақ, ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 2-бөлігімен (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 596-бабы 3-бөлігімен (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) және 603-бабы 1-бөлігі (Көлiк құралына арнайы жарық және дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу не жедел және арнайы қызметтер автомобильдерiнiң арнайы түстi-графикалық схемаларын заңсыз жазу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды», - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.