Түркістан облысында той-томалақ өткізу тоқтамай тұр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында карантиндік шектеулерге қарамастан отбасылық салтанатты шаралар ұйымдастыру тоқтамай тұр. Өңірде құрылған мобильдік топтармен шілде айынан бері 575 той жиын анықталып, тиісті талаптарға бағынбағандарға 250 млн теңге көлемінде айыппұл салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында той-томалақ өткізу тоқтамай тұр

Облыстың бас санитар дәрігері Нұрбек Нышановтың айтуынша, мобильді топтар 40 316 нысанды аралау кезінде 4 901 айыппұл салған.

«Бүгінгі күнге дейін 135 беташар мен 65 келін түсіру, 79 қыз ұзату мен 16 ас беру, 183 құдалық пен 39 бесік той, 8 тұсау кесер және сүндет той, 50 ұжымдық жиын тоқтатылды. Мониторинг топтары жұмысының нәтижесінде 4 730 жеке тұлғаға 30 АЕК көлемінде (197 млн теңге), 97 жеке кәсіпкерге (30 млн теңге), 12 заңды тұлғаға (3 млн т) , 62 лауазымды тұлғаға (19 млн теңге) хаттама толтырылып, 230 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - деді Нұрбек Нышанов.