Түркістан облысында тұңғыш рет «Денсаулық елшісі» атағы берілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында «Салауатты тамақтану мәселелері, ұлт саулығының тетігі» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен  өткен шараға Прага қаласындағы Халықаралық білім беру институтының директоры, профессор Марина Канушина және Қазақ Тағамтану академиясының ғалымы Майгүл Қайнарбаева қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық конференцияда сондай-ақ өңірдің медицина мекемелерінің басшылары мен денсаулық сақтау саласының өкілдері де болды. Шара барысында тұңғыш рет «Денсаулық Елшісі» атағы берілді. Өңірде  салауатты өмір салты қағидаларын насихаттайтын елшілер атағына таэквандодан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2018 жылы Жакартада өткен Жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері, Әлем Кубогының қола жүлдегері Нұрлан Сайлаубайұлы мен облыстық мәслихаттың депутаты Мұрат Шерімұлы, «Бізбен бірге!» еріктілер мектебінің төрайымы Жасмин Асқарқызы мен Облыстық клиникалық аурухананың хирургиялық көмек жөніндегі орынбасары Жанболат Бердібайұлы ие болды.

«Салауатты өмір салтын дәріптеуге атсалысу әркімнің өз қолында. Біз бұл мәселеге баса назар аударуымыз қажет. Өңірімізде аурухана, емхана саны артқанымен, бұл аурудың азаюына алып келмейді. Сондықтан ұлт саулығының тетігі - салауатты өмір салтын ұстануды мақсат тұтуға міндеттіміз»,- деді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.

Жаңа титул иелері алдағы уақытта халықтың салауатты өмірге бет бұруына бағыттайтын іс - шараларға үлес қосып жаңа серпіліс бермек. Сонымен қатар жиынға қатысушылар «Пайдалы өнімдер» көрмесінің жұмысымен танысты.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram