Түркістан облысында заңсыз пиротехникалық өнім сатушылармен күрес жалғасуда
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат – Түркістан облысының тәртіп сақшылары Жаңа жыл мерекесі қарсаңында лицензиясыз пиротехникалық өнімдерді саудалаушылармен күресті жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл бағыттағы жұмыстар биылғы 26-шы желтоқсанан басталған және 2021 жылдың 10-шы қаңтарына дейін жалғасады.
Арнайы жүргізілген тексеру жұмыстарының барысында сертификаты жоқ пиротехникалық бұйымдарды сатудың 4 дерегі анықталған. Олардың 3-уі Түркістан қаласынан анықталды. Ал қалған 1 жағдай Мақтаарал аудана тиесілі болып отыр.
Аталған құқықбұзушылық бойынша полицейлер ҚР-нің ӘҚБтК 196-бабы- «Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау» әрекеті бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Сонымен қатар кінәлі адамадарға 138900 теңге әкімшілік айыппұл салынады.
«Бұл іс-шараны өткізу ең алдымен жаңа жылдық мерекелер кезінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ балалар мен ересектер арасында жарақат алу жағдайларының алдын алуға бағытталған. Сондықтан Түркістан облысының полицейлері азаматтарды пиротехниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, сондай-ақ жаңа жылдық өнімді тек оны өткізу үшін арнайы бөлінген сауда орындарынан сатып алуға шақырады»,-делінген хабарламада.