Түркістан облысында жаңадан салынған 484 жолдан 618 кемшілік анықталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Облыстағы жаңадан салынған жолдардан 618 кемшілік анықталды. Әсіресе, аудандық маңызы бар жолдардан алынған сынамалардың 35 пайызы нормаға сай емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалының мамандары өткен жылы салынған 484 нысанды тексеріп, 618 кемшілік тіркепті. Әсіресе, аудандық жолдардан алынған сынамалардың 35 пайызы нормаға сай еместігін көрсеткен.

Мамандардың айтуынша, бұл жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол бөлімі қызметкерлерінің біліктілігі төмендігінен болып отыр.

«Аталған салада еңбек ететін қызметкерлердің 10 пайызында ғана тиісті диплом бар, яғни аудандардағы инфрақұрылымға жауап беретін мамандардың 90 пайызының жол құрылысына қатысты техникалық білімі немесе кәсіби тәжірибесі жоқ», - дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бөлім басшысы Бауыржан Жексенбеков.

Бұл мәселені шешу мақсатында кәсіпорын әр өңірдің аудан, қалаларындағы мамандарды оқытуды қолға алып отыр. Бүгін олар Шымкент қаласы мен Түркістан облысында семинар өткізді. Жолға жауапты мамандарды орталықтың материалдық-техникалық базасымен, зертхана жұмысымен таныстырды. Жол сапасына қатысты тың тәжірибелермен бөлісті.

Айта кетейік, елімізде кірме жолдарды қадағалайтын 21 компанияның қызмет көрсету тарифі 80% төмендеді.



Соңғы жаңалықтар