Түркістан облысында жедел жәрдем қызметіндегі реформалар сөз болды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облыстық жедел– жәрдем қызметінің басшылығы бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізді. Сала мамандары өңірдегі жедел жәрдем қызметіндегі реформаларды сөз етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Түркістан облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Медет Мархашовтың айтуынша, ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап өңірдегі бекеттер мен бөлімшелер облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына орталықтандарылған болатын. Базасында бірыңғай Call-орталығы ұйымдастырылып, мұнда халықтан тәулік бойы шақыртулар қабылдануда.
«Call-орталықта бір ауысымда 15 диспетчер қоңырау қабылдаса, 7 қызметкер шақыртуды бригадаларға бағыттап отырады. Түскен шақыртулар «КӨМЕК» автоматтандырылған басқару жүйесімен өңделеді. Қоңырау шалған уақыттан бастап диспетчер алынған мәліметті шақыру санатына байланысты сұрыптап, оны жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырғанға дейін уақыт 5 минутты құрайды. Жедел жәрдем қызметкерлері 4 жеделдік санат бойынша көмекке жол тартады», – дейді Медет Мархашов.
Сала мамандарының сөзінше, әрбір желілік жұмыс тобында тікелей Call-орталықтан шақыртуды қабылдау планшеттері (комуникатор) бар. Барлық автокөліктер GPS-навигаторларымен қамтылған. Бұл өз кезегінде әр бригаданың қай жерде екенін онлайн режимде 24 сағат бойы бақылауға мүмкіндік береді.
«Тәулігіне орталыққа 3500-ге жуық қоңырау түседі. Сонымен қатар Call-орталықта 2 дәрігер тәулік бойы науқастарға және желілік бригадаларға медициналық кеңес береді. Облыс бойынша жедел жәрдем қызметінің басшылығы алдағы уақытта аталған қызметтің әрі қарай жетілдіріле түсетіндігін баяндады. Қызмет жыл соңына дейін қосымша 20-дан астам жедел жәрдем көлігімен қамтылатын болады. Қазіргі таңда шамамен 50 көліктің жетіспеушілігі байқалады. Жалпы, Түркістан облысының тұрғындарына 123 желілік бригада (39 дәрігерлік, 84 фельдшерлік) және 70 емханалардың медициналық алғашқы санитарлық бригадалары қызмет көрсетуде», – дейді Медет Мархашов.