Түркістан облысында жемқорлардан тәркіленген қаражатқа 9 мектеп салынып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен 9 мектеп салынып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында жемқорлардан тәркіленген қаражатқа 9 мектеп салынып жатыр

«Облыста білім саласында 2511 ұйым қызмет көрсетеді. 1 372 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98%-ға жетті. Облыстағы жалпы білім беретін 1000 мектепте 515 мың оқушы білім алады. Облыста 5 жылда жаңа 86 мектеп салынды», - деді әкім.

Айтуынша, аймақта 35 мың оқушы орынға тапшылық бар.

«Аталған мәселені шешу үшін қазір 33 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы биыл 9 мектептің құрылысы жүруде. Биыл 20 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 894 мемлекеттік мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Осы арқылы бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылады. Арнайы күзет қызметімен қамтылады. 1-4 сыныптағы оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді», - деді аймақ басшысы.