Түркістан облысында «Жеңіс марафоны» өтті
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда 9 мамыр мерекесіне орай «Жеңіс марафоны» өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға 300-ге жуық адам қатысты. Марафон Ясауи кесенесі алдындағы Алматы арбатынан бастау алып, Нұрсұлтан даңғылы арқылы «Есім хан» алаңында мәреге жетті. Сондай-ақ, «Жеңіс марафоны» Түркістан облысының өзге де аудандарында бір уақытта ұйымдастырылып, оларға 1 мыңға жуық адам қатысты.
Түркістандағы марафонға қатысушылар шамамен 2 шықырымдай қашықтыққа жүгірді. Шараның мақсаты - Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым ету.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айтмахаметәлі Бердашев қатысушыларды Ұлы жеңістің 74 жылдығымен құттықтап, сәттілік тіледі.
«Отан қорғаушы күні мен Жеңістің 74 жылдығын мерекелеу шеңберінде облыс әкімдігінің бастамасымен «Ұлы Жеңіс марафоны» өтуде. Оған спорт мектебінің ұжымдары, жастар басқармасы, облыстық соттың қызметкерлері мен қала тұрғындары атсалысуда. Сайыс жоғары деңгейде өтуде. Қатысушылар жақсы дайындықпен келген. Барлығы 300 адам жүгірді», - деді Айтмахаметәлі Бердашев.