Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 30 дерегі тіркелді
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат –Түркістан облысында жыл басынан бері жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 30 дерегі тіркелген. Бұл туралы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Нұрлан Тұмабаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нұрлан Тұмабаевтың айтуынша, заңбұзушылардың 43 техникасы тиісті шешім қабылданғанша уақытша айыптұраққа жеткізілген.
«Алты ай ішінде оңтүстік өңірде 43 экологиялық қылмыс тіркеліп, 737 әкімшілік құқық бұзу фактісі анықталған. Заң бұзушыларға 6 722 282 теңге көлемінде айыппұл салынған. Өңірдің табиғат қорғау полиция инспекторлары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып облыс аумағында экологиялық қылмыстың алдын алу бағытында «Браконьер», «Уылдырық шашу» және «Қызғалдақ», «Жер қойнауы» атты рейд шараларын өткізген»,- дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы.


Айта кетейік, өңірде 18 табиғат қорғау полиция инспекторы бар. Инспекторлар жергілікті халық арасында табиғат қорғау заңнамаларын бұзбау керектігін айтып, бұзған жағдайда қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын түсіндіреді.

