Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға тиісті шара қолданылады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Мәжілісте жер қойнауын пайдаланудағы заңсыздықты жою мен оның алдын алу шаралары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға тиісті шара қолданылады

Үйлестіру кеңесінің жұмысына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, қала мен аудан әкімдері және прокурорлар, құқық қорғау және табиғатты пайдалануды реттеу саласындағы уәкілетті органдарының бірінші басшылары қатысты.

Кеңес отырысында баяндама жасаған облыс прокурорының бірінші орынбасары Артықбек Пашаев жер қойнауын заңсыз пайдалану мәселесімен күресуде жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдары тиісті деңгейде жұмыс жүргізбей, нәтижесінде көптеген заң бұзушылықтарға жол беріліп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, табиғат пайдаланушыларға келісімшарттармен өңірдің әлеуметтік дамуына төлемдер жасау міндеті жүктелгенімен бүгінгі күнге оның 42-інде жалпы 357 млн теңге көлемінде берешектері бар.

«Облыстық табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы қарыздарды өндіру бойынша сотқа бар болғаны 191,2 млн теңге көлемінде ғана 12 табиғат пайдаланушыға қатысты талап-арыз берген. Шағым уақтылы берілмегендіктен оның 12-сін сот қанағаттандырмады. Осы негізде қалған 30 табиғат пайдаланушыдан да қалыптасқан 111,4 млн теңге берешегін өндіруге мүмкіндік жоқ»,- деді Артықбек Пашаев.

Ал, су қорғау белдеуінде орналасқан 20 жер қойнауын пайдаланушылардың тек 8-імен ғана келісімшарт бұзылған. Экология департаментінің қорытындысына сәйкес жер қойнауын пайдалануды тоқтатпаған кәсіпкерлік субъектілермен 182,5 мың м³ қиыршық тас өндіріліп, қоршаған ортаға 500 млн теңгеден астам залал келтірілген. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдаланудың салдарын жою кезінде де заң талаптары орындалмағаны анықталған.

Облыс көлемінде келісімшарт мерзімдері аяқталған 32 жер қойнауын пайдаланушы ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексінің» 54-бабына сәйкес өзіне берілген учаскеде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жоймаған. Нәтижесінде жер деградацияға ұшырап, қоршаған ортаға аса ірі көлемде зиян келтірілуде.

Отырыс қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдарына жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға және оған әрекетсіздік танытқан лауазым тұлғаларға шара қолдану туралы нұсқау берілді.