Түркістан облысында жоғалған 3 жасар қыз бала табылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында учаскелік полиция инспекторлары 3 жасар қызды тауып, анасына табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Жетісай қаласына қарасты №2 учаскелік тірек пунктіне бекітілген учаскелік полиция инспекторлары жоғалған қызын тауып беріп, бір отбасын қуантты.

Нақтырақ айтсақ, полиция майорлары Еркен Мейіржабаев пен Абзал Ақшораев тұрғындар арасында тиісті профилактикалық жұмыс жүргізіп жүргенде сағат 17:00 шамасында А.Байтұрсынов көшесі бойында кішкентай қыздың жылап, үйін таппай адасып жүргенін байқап, жанына бірден жетеді.

Шамамен жасы 3-4-тегі бүлдіршіннен есімін, ата-анасын, мекенжайын сұрай бастайды. Алайда тілі толық шықпаған қыз, ешқандай нақты мәлімет бере алмайды.

Содан полицейлер кішкентайды жұбатып, учаскелік полиция пунктіне жеткізіп, ас-суын береді.

Одан ары іздестіру жұмыстарын жүргізіп, сол аумақтағы тұрғындар арасында сұрастыру жұмысын жүргізді.

Үй-үйді қарап, қыздың ата-анасын іздеді. Жедел жүргізілген іздестіру, сұрастыру жұмыстары нәтижесінде полицейлер 1 сағат ішінде қыздың ата-анасын табады.

Тексеру барысында анықталғандай, 3 жасар қыз далада ойнап жүріп, ауласынан шығып, алыстап кеткен.

Ал үйінде одан кішкентай шақалағымен отырған анасы байқамай қалған.

Өз кезегінде 3 жасар қыздың анасы қызын тауып берген полицейлерге шынайы ризашылығын жеткізді.

«Қызымды аяқасты жоғалтып алдым. Өзім іздеп шыққан едім, осы аралықта полицейлер қызымды аман-есен тауып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткеніне ризамын» деп атап өтті ол.




Соңғы жаңалықтар