Түркістан облысында жол құрылысына салғырт қарағандар жазаланып жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жол құрылысына салғырт қараған техникалық қадағалаушы мен мердігерге ірі көлемде айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық сапа орталығының инженері Бекжан Бөріқұловтың айтуынша, өткен жылы облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жол салудағы кемшіліктер бойынша 11 хат жолданған.

Нәтижесінде бір техникалық қадағалаушыға 500 мың теңге айып салынып, жарты жылға лицензиясынан айрылды.

Сондай-ақ, бір мердігер 2 млн 200 мың теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Ал, қалған үш мекеме кемшіліктерін түзеп, анықталған ақауларды жойған.

«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа заң жобасын әзірледі. Қазір ол Мәжілісте қаралып жатыр. Құжат бойынша енді Ұлттық сапа орталығының қызметі мен құзыреті кеңейеді. Аталған мекеме енді елдімекендердің жолдарына дейін міндетті сараптамадан өткізеді. Осылайша техникалық қадағалау мен жобалау ұйымдарының жауапкершіліктен сытылып кетуіне жол берілмейді. Бұған дейін кепілдік кезеңіндегі жолдардан қанша ақау анықталса да, бұл екі ұйым ортақ жауапкершілікке тартылмайтын», - дейді Бекжан Бөріқұлов.

Айта кетейік, Қазақстанда жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы - 157 мың шақырым.

Оның ішінде 25 мыңы республикалық маңызы бар, 71 мыңы жергілікті маңызы бар жол. Ал, елдімекен көшелерінің жалпы ұзындығы - 61 мың шақырым.


Соңғы жаңалықтар
telegram