21:05, 18 Тамыз 2022 | GMT +5
Түркістан облысында жол салушылар арасында жемқорлық фактілері өскен
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы жол саласында сыбайлас жемқорлық фактілері өскен. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нұрдәулет Сәмет айтуынша, 2021 жылы антикор өндірісінде 18 сотқа дейінгі тергеу болса, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 15 жемқорлық қылмысы тіркелген. Олардың көпшілігі жымқыру, билікті теріс пайдалану, парақорлық және қызметтік жалғандықпен байланысты.
«Автожол проблемаларының өзектілігін ескере отырып, Агенттік «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесіп барлық өңірлерде қоғамдық мониторингті басталғалы отыр. «Әділдікті талап ет!» ұранымен өтетін республикалық акцияның негізгі мақсаты – автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жүйелі құқық бұзушылықтарды жою. Бұл бағытта маңызды шешімдер қабылданатын болады» - деді Сәмет Нұрдәулет.