Түркістан облысында жолаушыны заңсыз тасымалдаушылар 30,3 млн теңге айыппұл төледі

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында заңсыз жолаушы тасымалдаушылармен күрес жүргізу үшін жалпы 434 рейд өткізіліп, 1605 әкімшілік хаттама толтырылған. Нәтижесінде 30,3 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында жолаушыны заңсыз тасымалдаушылар 30,3 млн теңге айыппұл төледі

Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтің айтуынша, өткен жылы тек басқарма тарапынан 68 рейд ұйымдастырылған.

«Жолаушыларды заңсыз жолмен тасымалдағандарға 340 әкімшілік хаттама толтырылып, кінәлі жүргізушілер 6,4 млн теңге көлемінде айыппұл төлеген. Сарыағаш пен Мақтаарал аудандарында жолаушылар мен жүргізушілерге заңнамаларды түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деді басқарма басшысы Ролан Ибрагимов.

Өңірде сондай-ақ, тұрақты бағыттар ашу және елді мекендерді қоғамдық көлікпен қамту бойынша 15 тұрақты бағыт ашылған. 14 елді мекен қоғамдық көлікпен қамтылып, бұл саланың облыстағы үлесі 98,0% жеткен.