Түркістан облысында жұмыртқа қымбаттаған
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында жұмыртқа бағасы 355 теңгеден 361 теңгеге өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалған 14 тауар (нан, құнбағыс майы, сары май, сиыр еті, тауық еті, тұз, картоп, құмшекер, күріш, қырыққабат, қарақұмық, айран, сүзбе) бойынша жағдай тұрақты.
Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрбақыт Иманқұлов мәлімдеді.
Ал, бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті басшысының орынбасары Данабек Махатов делдалдық схемаларды анықтау және нарықты талдау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты.
«Департаментпен тауық жұмыртқасын (С-1 санаты) өндірумен және сатумен айналысатын 2 нарық субъектісіне («Бес қара» ЖШС, «Яссы құс» ШҚ) қатысты ҚР бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің болуы туралы хабарлама жіберді. Өз кезегінде, «Яссы құс» ШҚ сату бағасын 30 теңгеден 27 теңге, яғни 10%-ға төмендету жолымен департаменттің хабарламасын орындады», - деді ол.

Жалпы бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында құны 547,1 млн теңгеге 5 749,7 тонна азық-түлік тауары бар.