Түркістан облысында жыл басынан бері 26 адам суға кеткен
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жыл басынан бері 24 қайғылы жағдай тіркеліп, 26 адам суға кеткен. Бұл туралы төтенше жағдайлар қызметінің басшылығы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Суға батқандардың 14-і үштен сегіз жасқа дейінгі балалар болып отыр. Шомылу маусымын қорытындылаған ТЖ қызметкерлерінің айтуынша, ересектердің суға кетуі негізінен мас күйінше шомылуынан болған. Базбірі жүзуді білмесе де, суға түсіп, балаларын қараусыз қалдырып қояды. Сақтандыру кеудешесін кимей балық аулап, қайғылы жағдайларға душар болады.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін құтқарушылар ішкі істер қызметкерлерімен бірге шомылу орындарын аралап, 923 рейд өткізген. Жағажайларда ішімдік ішкені үшін 30 адамға 340 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.