Түркістан облысында жыл басынан бері 7 бала суға кеткен
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жыл басынан бері су айдындарында 10 адам қаза тапқан, оның жетеуі - балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін ата-аналар балаларына деген бақылауды күшейтуі тиіс.
Бұл туралы төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Қанат Қарабалаев брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, жалпы өңірде 20 суға шомылу орны нақтыланған.
Ал аталған қайғылы оқиғалар шомылуға тыйым салынған аймақтарда болып отыр.
Соңғы 5 жылда облыстағы су айдындарында 252 адам көз жұмған.
Өкініштісі оның 140-ы балалар болса, 112-сі ересектер.
«Оқыс оқиғаны болдырмас үшін төтенше жағдайлар және полиция департаменті, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» ЖҚ белсенділерінің көмегімен демалыс және мейрам күндері тұрақты рейд ұйымдастырылуда. Дей тұрғанмен шомылушылар қауіпсіздік шараларын естен шығармаған жөн»,- деді Қанат Мәлікайдарұлы.
Облыс бойынша жалпы ұзындығы 15 000 шақырымнан асатын 3 000-ға жуық өзендер мен каналдар бар.
Оның 158-і адамдардың суға батуы мүмкін қауіпті аумақ саналады.
