Түркістан облысындағы 85 мектепте асхана жоқ

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы 85 мектепте асхана жоқ. Ал 202 мектеп асханасы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс жүргізуде. Бұл туралы Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысындағы 85 мектепте асхана жоқ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінгі таңда облыстағы 1-4 сыныпта оқитын 187 832 бала қыркүйектен бастап тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Күнделікті ас мәзіріне сай, бастауыш сынып оқушыларына әртүрлі тағамдар беріліп келеді. Дегенмен, балаларға беріліп жатқан астың қауіпсіздігі басты назарда болуы шарт.

«Түркістан облысында 1000-ға жуық білім беру ұйымдары бар. Бүгінгі күнге 85 мектептің асханасы жоқ, ал 202 мектеп асханасы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс жүргізуде. Тегін тамақтандыруды ұйымдастыру барысында балалардың жаппай улануына жол бермеу, инфекциялық аурулардың алдын алу және жалпы денсаулығына зиян келтірмеу қазіргі таңда басым бағыттардың бірі болып қалады. Ол үшін мектеп асханаларының жағдайы санитариялық талаптарға сәйкес болуы және бұл асханаларда дайындалатын тағамның қауіпсіз болуы тиіс» - деді Нұрбек Нышанов.

Ал, Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ардақ Садықова асханасы жоқ мектептерде қосымша бөлмелер қарастырылып, ыстық тамақ беруге жағдай жасалғандығын жеткізді. Сондай-ақ, 51 мектепке модульдік асхана салу ісі қарастырылып жатқандығын айтты.