Түркістан облысындағы әкімдіктер толықтай «Сервистік әкімдік» үлгісіне көшті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысындағы әкімдіктер толықтай «Сервистік әкімдік» үлгісіне көшті.

Түркістан облысындағы әкімдіктер толықтай «Сервистік әкімдік» үлгісіне көшті

Жаңа жүйеге сәйкес мемлекеттік органдардың жұмысы түбегейлі трансформацияланып, халыққа барынша қолайлы қызмет көрсетудің жаңа сатысына көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облысқа қарасты барлық қала-аудандарда ашылған «сервистік әкімдіктер» аудан әкімдігінің аппаратында ұйымдастырылған. Халықтық кеңселерде азаматтарды қабылдау мен өтініштерді жедел қарау және құқықтық кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді көрсету мүмкіншіліктері қарастырылған. Сондай-ақ, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, тұрғын-үй шаруашылық сияқты бірнеше сала бөлімдерінің мамандары азаматтарға кедергісіз мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетіп келеді.

Бұдан бөлек, облыс әкімінің қатысуымен Түркістан қаласында «Ашық әкімдік» жүйесіне негізделген «Парасаттылық орталығы» ашылып, халықтың өзекті мәселелерін шешу бойынша шұғыл әрекет ету, азаматтардың құқықтарын жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың өзара бірлесе әрекеттесуін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

Аталмыш орталықтың жұмысына жергілікті билік өкілдерінің лауазымды тұлғалары, «Түркістан - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері, адвокаттар және қоғам өкілдері тартылған. Сонымен қатар, бүгіннен бастап Түркістан облысына қарасты басқармалар үйі сервистік форматқа көшіп, мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ететін «Ашық әкімдік» кеңсесімен толықты.

Жаңа үлгідегі кеңседе халықпен ашық пікір алмасуға, жазылусыз мемлекеттік орган өкілдерімен тікелей кездесуге қолайлы жағдайлар жасалған. Бұл қызметтер бойынша өтініштермен жұмыс істейтін 21, тікелей мемлекеттік қызмет түрін көрсететін 16 облыстық басқармалардың мамандары қамтылған.