Түркістан облысындағы әкімшілік ғимараттардың құрылысын аяқтауға 3,2 млрд теңге жұмсалады
Бұл жайында Ұлттық экономика министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті туралы анықтамада айтылған.
Жалпы министрлік өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту үшін 3 жылда 237,7 млрд теңге бөлуді көздеп отыр. Оның:
- 96 млрд теңгесі «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жобаларын іске асыруға;
- 42,1 млрд теңгесі облыс орталықтарында инженерлік коммуникациялар жүргізу жобаларын іске асыруға;
- 41,5 млрд теңгесі Алматы, Астана және Шымкент қалаларының, Ақмола облысының шеткі аумақтарында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға арналған жобаларды іске асыруға;.
- 35 млрд теңгесі моноқалалар мен шағын қалаларда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға;
- 20 млрд теңгесі «Дипломмен ауылға» жобасына;
- 3,2 млрд теңгесі Түркістан облысында мемлекеттік мекемелердің әкімшілік ғимараттарының құрылысын аяқтауға бағытталмақ.
Анықтамаға сүйенсек, Түркістан облысында мемлекеттік мекемелердің әкімшілік ғимараттарын салып бітіру биылға жоспарланып отыр.
Қаражаттың 2,1 млрд теңгесі Ұлттақ қордан, қалған бөлігі республикалық бюджеттен бөлінбек.