Түркістан облысындағы блокпостарда 12 қылмыс тіркеліп, 11 адам қамауға алынды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - 10 күнге созылған төтенше жағдай режимі кезінде Түркістан облысындағы блокбекеттерде 12 қылмыс тіркеліп, 11 адам қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысындағы блокпостарда 12 қылмыс тіркеліп, 11 адам қамауға алынды

Ұсталғандар - Алматы мен Шымкент қаласында жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар.

Олардан айғақты зат ретінде қару мен тоналған мүліктер тәркіленген. Жалпы 25 000-нан астам автокөлік тексеріліп, оның 200-ге жуығы айыптұраққа қойылған.

«Бүгінгі таңда Түркістан облысы аумағындағы жағдай тұрақты. Облыс полицейлері 100 пайыз қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылып, сырқаттанып жатса да сын сағатта әріптестерімен бірге қызмет етті», – дейді Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков.

Жетісай ауданындағы блокпоста қолға түскен үш жолаушыдан түрлі үлгідегі 11 ұялы телефон, 2 ноутбук пен зарядтау құрылғысы тәркіленген.

Сонымен қатар, Түркістан облысының тағы екі тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді.

Қазығұрт АПБ қызметкерлері Алматы-Термез-Ташкент тасжолындағы Ақтас блокбекетінде «Тойота» маркалы автокөлікте тапаншамен жүрген Сарыағаш және Келес аудандарының 4 тұрғынын ұстаған.

Қазір күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Сондай-ақ, полиция генерал-майоры жаппай тәртіпсіздік кезінде Жетісай, Арыс, Сарыағаш аудандарындағы, Кентау және Түркістан қалаларында бірқатар азаматтар жиналып, бүлік шығаруға тырысқанын айтып өтті.

«Мәселен, облыс орталығында 500-ден астам адам көшеге жиналып, жолдарды, сондай-ақ теміржолдарды жаппақшы болған. Нақты және жедел іс-әрекеттердің арқасында Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері шұғыл қимылдап, жаппай тәртіпсіздік пен заңбұзушылыққа мүлде жол бермеді»,- деді Қ.Дәлбеков.