Түркістан облысының 49 ауылында жаңа медициналық нысан салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркістан облысының 49 ауылында жаңа медициналық нысан салынады. Бұл туралы аймақ басшысы Дархан Сатыбалды орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Денсаулық сақтау саласын ілгерілету мен медициналық жабдықтармен қамту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы ауру-жітім көрсеткіші төмендеді. 4 аурухана антиограф, 2 аурухана компьютерлік томографиямен жабдықталып, 1016 дана салаға қажетті техника алынған. Осылайша медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 84% болды», - деді Дархан Сатыбалды.
Оның айтуына қарағанда, облыстағы 45 медициналық ұйымда 5509 дәрігер мен 19154 орта персонал халыққа қызмет көрсетеді.
«Былтыр 31 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталып, оның 17-сі ел игілігіне пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сарыағаш қаласында перинаталдық орталығы мен заманауи медицналық кешен салуды тапсырған болатын. Қазіргі таңда нысан құрылысы үшін жер учаскесі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында ауылдарда 49 жаңа нысан салынады. Жергілікті тұрғындардың сұранысы ескеріледі. 2022 жылы 5 нысан күрделі жөндеуден өтсе, 2023 жылы қосымша 2 нысанға жөндеу жүргізіледі», - деді әкім.