Түркістан облысының әкімі ардагерлермен кездесті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Өрелі ой мен салмақты пікір айтылған кездесуге облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және Жетісай ауданының ақсақалдары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысының әкімі ардагерлермен кездесті

Абыз ақсақалдар мен қазыналы қариялармен жүздескен облыс басшысы мұндай кездесулердiң маңыздылығын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, барлық мәселе мәмілемен шешілетініне тоқталып, билер кеңесін жаңғыртудың маңызын жеткізді.

«Пандемия күнделікті өмірімізге өзінің ықпалын тигізіп жатқаны жасырын емес. Бірақ әкімшіліктің, аудан-қала әкімдері мен мемлекеттік органдардың жұмысы бір минутқа, бір секундқа да тоқтаған жоқ. Оны ақпарат құралдарынан көріп отырсыздар. Одан кейін де талай қиыншылықтар мен апаттар болды. Түркістан қаласында бірнеше құрылыс нысаны салынып жатыр, көріп отырсыздар. Аудандарға барған кезде ақсақалдармен кездесіп тұрамын. Бұрынғыдай көпшілікпен, көп жиынға қатысуға қазір тыйым салынғанын білесіздер. Енді осындай жиынды ұйымдастыра бастаймыз. Әр ауданнан ақсақалдарды жинап, қандай оңды жағдайлар мен қандай кемшіліктер болып жатқанын талқылаймыз. Өйткені ардагерлер елдегі жағдайға қанық. Мұндай басқосуды Жетісайдан бастаймыз. Ол жерде көптеген жұмыстар жасалды, оны білесіздер»,-деді аймақ басшысы.

Карантин талаптарын сақтай отырып өткізілген кездесу барысында ауданның әлеуметтiк-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси тұрақтылықтың сақталуы мәселесі ортаға салынды.

Жетісайлық ақсақалдар өз ойларын жеткізіп, ауданның бiрқатар мәселелерін көтердi.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы барлық ұсыныстар ескерусіз қалмайтынын, билік пен қоғам бірлесе жұмыс жүргізсе айтарлықтай нәтижеге жетуге болатынын атап өтті.

Осы орайда ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінің әлеуетін тиімді пайдалану керектігін айрықша жеткізді.

Алдағы уақытта облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан ақсақалдарымен кездесуді дәртүрлі түрде өткізіліп тұратыны айтылды.