Түркістан облысының әкімі бүркітші Айшолпанға 1 млн теңге табыс етті

  ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Әлемге танымал бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы бүгін Шардарада өткен халықаралық «Safari Shardara» фестиваліне қатысты.

Түркістан облысының әкімі бүркітші Айшолпанға 1 млн теңге табыс етті

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Баян-Өлгей аймағынан келген аруға ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аққала» демалыс аймағының жағалауында өткен шарада бүркітшілер жиналып, саятшылық өнердің озық үлгісін көрсетті. Солардың қатарында Айшолпан Нұрғайыпқызының өнері жиналған көпшілікті тәнті етті. Өз кезегінде бүркітші қыз да бүгінгі шараның ерекше өткенін айтты.null 

«Судың жағалауындағы жарыс өте əсерлі екен. Біздің жаққа да Алтайға мыңдаған туристер келеді. Қазақтың көшпелі өмірі оларға қызық. Мынадай фестиваль жиі өтсе, туристер тұрақты келуге тырысады»,- дейді 15 жастағы бүркітші.

Бүгінде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тұратын Айшолпан көшпелі өмірдің символына айналған. Бүркіт баптайтын қазақ қызын көру үшін жыл сайын бұл өңірге 2 мыңға тарта саяхатшы келеді екен.

Осыған дейін Түркістан облысында халықаралық «Safari Shardara» фестивалі өткендігін хабарладық.