Түркістан облысының әкімі өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте өңірдегі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысының әкімі өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырды

Елдегі төтенше жағдай және ұзартылған карантин кезінде сауда нысандарының қызметін тоқтата тұруы теңге бағамының төмендеуін, халық тарапынан сұранысты шектеп тауарлар бағасының өсуіне алып келді, дейді мамандар.

Сол себептен шаруаларға аудандардағы егістік алқаптарда пияз бен сәбіз секілді маусымдық көкөніс түрлерін көптеп егу ұсынылды.

Облыс бойынша әлеуметтік маңызы зор азық бағасын тұрақтандыру мақсатында сауда орындары және сауда базарлары арасында 540 меморандумға қол қойылған. Алайда, аудан, қала әкімдіктері тарапынан баға тұрақтылығын қамтамасыз етуді қадағалап, бақылау жүргізілмеуінен, біршама азық-түлік бағаларының өсімі байқалып отыр.

Атап айтқанда, Түркістан, Кентау қалаларында, Бәйдібек, Созақ аудандарында тауардың бірнеше түрі бойынша баға өскен. Осыған қарай облыс әкімі барлық жауапты басшыларға халық көп тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыруды тапсырды.

Өңірде әлеуметтік сұраныстағы 19 түрлі азық-түлік тауарларының бағасы бақылауға алынған. Бағаны тұрақты ұстау үшін облыстық тұрақтандыру қоры сауда орталықтарына тауарлар жеткізіп отыр. Халық күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар іс-шара қолға алынуда. Базардағы азық-түлік бағаларының құбылып тұратынын ескерген облыс басшылығы кәсіпкерлермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтермеу жөнінде жиын өткізіп, ортақ келісімге келген.

Арнайы мобильді топ бағаны күнделікті бақылап отыр. Өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы баға сұрату тәсілімен қосымша 403,4 тонна азық-түлік тауарларын (қарақұмық жармасы - 50 тн, қырыққабат - 101 тн, макарон өнімдері - 32 тн, картоп - 59 тн, сәбіз - 101,8 тн, құмшекер - 53 тн, сиыр еті - 6,6тн) сатып алынды.