Түркістан облысының бас полицейі мақтааралдықтармен кездесті
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков Мақтаарал ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиынға 500-ден астам жергілікті тұрғын мен аудан әкімі Б.Асанов, мәслихат хатшысы Қ.Сәрсенбаев пен прокурор Н.Ботабеков, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, ІІО-ның ардагерлері және жеке құрамы қатысты.
Алқалы басқосуда аудандық ПБ бастығы А.Сапарбеков ағымдағы жылдың 10 айында атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Полиция подполковнигі аудандағы криминалдық жағдайдың және қылмыстар санының азайғаны, үнемі өткізіліп отырылатын алдын алу іс-шараларының нәтижесінде қоғамдық тәртіптің бекуі туралы кеңінен атап өтті. «Аудан аумағында есеп беріп отырған мерзімде тіркелген қылмыстардың саны өткен жылы 481 болса, 2019 жылдың 10-айында 372-ге кеміген. Ұрлық қылмысының тіркелуі 224-тен 154-ке төмендеген. Алаяқтық қылмысының тіркелуі 25-тен 27-ге жақсарып, ашылымы 100%-ды құрап отыр. Жалпы бұзақылық қылмыстарының тіркелуі 31-ден 22-ге төмендеген. Қоғамдық орында жасалған қылмыс 113-тен 111-ге төмендеген. Сөзімді қорытындылай келе, Мақтарал АПБ қызметкерлері қылмыстың алдын алуда, болған қылмыстарды дер кезінде ашуды, қоғамдық тәртіпті сақтауды, жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты нығайту жұмыстарын тиісті деңгейде көтеріп, алдағы уақытта жоғары дәрежеде жүргіземіз деп сенім білдіремін»,-деді аудандық ПБ бастығы. Баяндаманы тыңдаған Қайрат Дәлбеков Түркістан облысының полициясы тұрғындар үшін ашық және қолжетімді екенін атап өтті. «Облыстың әрбір тұрғыны өздерін мазалаған немесе шешімін таппаған сұрақтары бойынша, әлеуметтік желідегі арнайы менің жеке парақшама байланысып, тиісінше жауаптарын алуына толығымен мүмкіншіліктер қарастырылған. Қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтауда мінсіз қызмет атқаруға барымызды саламыз»,-деді облыстық Полиция департаментінің бастығы,полиция генерал-майоры. Өз кезегінде Қайрат Дәлбеков халықтың көкейінде жүрген мәселелері бойынша, яғни полиция қызметкерлерінің қызметіне, жол қозғалысына, қоғамдық тәртіп пен алдын алу шараларына қатысты тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарына нақты жауаптар берді. Айта кетейік, өңірдің полицейлері ауыл тұрғындарына қылмыс, мал ұрлық, пәтер ұрлығы, тонау, алаяқтық т.б әртүрлі қылмыстар орын алмау үшін қажетті сақтық шараларын түсіндіріп өтті. Кез-келген қылмыс орын алған жағдайда, уақыт ұзартпай полицияға хабар беруге шақырды. Үйлеріңізге, ғимараттарыңызға мүмкіндігінше бейнебақылау камераларын, дабылқаққыштарды орналастыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.