Түркістан облысының диқандары қырыққабатты Ресейге экспорттап жатыр
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысының диқандары қырыққабаттың экспортын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жетісай ауданында биыл 1162 гектар аумаққа ерте пісетін қырыққабат егілген болатын. Өнімнің басым бөлігін «Зарисма», «Валикор», «Магнус», «Кевин Фарао», «Ринда», «Заказ» сорттары құрап отыр. Қазіргі кезде ерте пісетін қырыққабаттар Ресей, Белоруссия және Еуропа елдеріне экспорттала бастады.
Мәселен, өңірдегі «Дауылбай ата» шаруа қожалығы алғашқы қырыққабат өнімдерін көршілес Ресей еліне жіберіп жатыр.
«48-50 күнде пісетін Пекинка қырыққабаты алғашқы өнімін бере бастады. 1,5 гектарға егілген 60 мың түп көшеттен шыққан қырыққабат 60 тоннаны құрап отыр. Бұл кеткен шығындарымыз мен төккен теріміздің толықтай ақталғанын білдіреді. Артылған қырыққабат Ресей мемлекетінің астанасы Мәскеу қаласына жөнелтіп жатырмыз», дейді «Дауылбай ата» шаруа қожалығының төрағасы Момынжан Раджапов.
Фото Жетісай ауданы әкімдігі