Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 300-ге жуық отбасы өз кәсібін ашты

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазығұрт ауданы әкімінің 2019 жылдың қорытындысы бойынша атқарған жұмыстарының есебін тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 300-ге жуық отбасы өз кәсібін ашты

Аудан басшысы Төлеген Телғараев өткен жылы қол жеткізілген жетістіктермен бөлісіп, биылғы жоспарларды атады. Ауданда шағын және орта бизнес бойынша 32 жоба іске асырылып, «Жас кәсіпкер» жобасы нәтижесін көрсеткен.

Есептік кездесуде мәлім етілгендей, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 268 тұлға 921,5 млн теңгеге несие алып, өз кәсіптерін бастады. Аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі 154 жан бір жылда тұрақты жұмыспен қамтылған. Қазығұрт ауданында туризмді дамыту қолға алынып, туристік нысандарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.


Басқарма басшылары ауданда атқарылған жұмыстардың бірқатар кемшілігін ортаға салды. Атап айтар болсақ, сала мамандары Қазығұрт ауданында ветеринарлық ахуалдың сын көтермейтінін айтып, дабыл қақты. Мамандардың сөзінше, бұл саланың биылдан бастап Ауыл шаруашылығы басқармасының қарамағына өтуіне орай, біраз аудандардың шикілігі шықты. Жүзеге аспай тұрған мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласына сын айтылып, мал шаруашылығы бойынша орындалмаған міндеттер талқыланды.