Түркістан облысының Келес ауданында этномәдени бірлестіктер орталығы салынады

None
Фото: gov.kz
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Келес ауданында этномәдени бірлестіктер орталығы салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жергілікті тұрғындармен өткен кездесуде Абай ауылында этномәдени бірлестіктерге арналған орталық салу мәселесі көтерілген болатын. Осы мақсатта Абай ауылы әкімдігінің теңгерімінде орналасқан ескі мақта қабылдау пунктінің аумағында бос жатқан көлемі 0,36 гектар жерде мұражай салу үшін қажетті құжаттар рәсімделе бастады.

Бұдан бөлек, жаңа буынды дамыту орталығы бойынша бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге облыс бюджеті есебінен қажетті қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу процедуралары жүргізіліп жатыр. Осы құрылысқа тапсырыс беруші Түркістан облыстық Құрылыс басқармасы болып табылады. Бұл туралы аудан орталығында тұратын тұрғындармен кездесу барысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев атап өтті.

«Ынтымақ, Маусым, Қожамберді батыр, Отан, Мәдениет көшелерін сапалы электр қуатымен қамту бағытында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз мердігер анықталды. Абай ауылындағы №105 жатақхана ғимаратына табиғи газ тарту мәселесі алдағы уақытта шешімін табатын болады. Сонымен қатар Абай ауылының бас жоспарына өзгеріс енгізуге ұсыныс берілді. Бас жоспарға өзгерістер енгізіліп, бекітілгеннен кейін құжаттандыру жұмыстары жүргізіледі», - дейді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сәйкес, кездесу барысында аудан әкімі Абай ауылының инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Ауыл аумағында жолдардың 93 пайызы асфальтталған. Бүгінгі күнде 10 көшеге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, сметалық құжаттар әзірленген. Оның ішінде 8 көше (Маусым, Бәйтерек, Д.Қонаев, Т.Рысқұлов көшесінің №4 өткелі, Ж.Шаяхметов, Шығыс С.Баубеков, №10 көшелер) орта жөндеуге (асфалть төсеуге) мемлекеттік сараптамадан өткен. Алдағы уақытта қаржы қаралуына орай, құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар