Түркістан облысының құрылғанына үш жылдан асты
Бүгінде облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық және архитектуралық келбеті жақсарып, жасыл желегі жайқалған шаһарға айналып келеді. Көгалдандыру жұмыстары да тоқтаусыз жалғасып жатыр. Түркістанда жергілікті климатқа тез бейімделетін көшеттер мен көпжылдық шөптер, гүлдейтін шөптерді өсіруге мән берілген. Атап айтқанда, шаһарда көлеңке беретін әрі тез өсетін қарағай мен акация ағаштары, үлкенжапырақты шегіршін, үйеңкі отырғызылған. Қаланың «Жасыл белдеуінде» жеміс ағаштары да өсірілуде. Бұл жұмыстарға агрономдар, мамандар, кәсіпкерлер, қала тұрғындары атсалысуда. Осы ретте қаланы 32 секторға бөліп, аудан, қала әкімдіктері мен басқармаларды жауапты етіп, жұмысты жүйелеу өз жемісін беруде.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев әр секторды аралап, қаланың абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын тұрақты түрде тексеріп тұрады. Барлық секторда жұмыс қарқыны жоғары. Қала күн сайын қоқыстан тазартылып, гүлзарлар, саябақтар жайнай түскен. Аяқжолдар мен веложолдар, субұрқақтар елге қызмет етуде. Қала аумағындағы жасыл аумақтарға су жүйесі жүргізіліп, тұрақты түрде суарылып жатыр. Жасыл желектерді күнделікті суару үшін қала аумағына гидранттық жүйе жүргізілген. Бүгінде 32 секторда үш кезеңмен жұмыс жүргізіліп, 1600 га жерге 60 мыңнан астам көшет егілген. Қалада сенбіліктер өткізу, тұрғындардың экологиялық сауатын арттыру бағытындағы іс-шаралар дәстүрге айналған.
«Жасыл белдеу» бойынша егілген көшеттерді көруге барған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жасыл желектердің уақтылы суарылуына аса мән берілуі керектігін атап өтті. Сонда ғана іс нәтиже беретінін жеткізді. Жауапты азаматтарға жұмысты жанашырлықпен, сергектікпен атқаруды тапсырды. Өз кезегінде шаһардағы айтарлықтай өзгерістерді байқап жүрген қала тұрғыны Әшім Алдабергенов жасыл желектердің отырғызылғанына ризашылығын білдірді.
«Бұрынғыға қарағанда бұл жерде көп өзгеріс болып жатыр. Көгалдандыру, тазалық, абаттандыру жұмыстары өте жақсы. Облыс болғалы осындай жақсылықтарға куә болудамыз. Бұрын бұл «Жасыл белдеу» мен жаңа шағынауданның орны дала-тұғын. Даланы көркейтіп, жағдай жасап жатқан үкіметке рахмет», – дейді тұрғын.
Айта кетейік, биыл ҚР Үкіметі Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. 123 нысанның құрылысы аяқталды. Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі аясында 109 жоба іске асырылады. Бұл мақсатқа 1,3 трлн теңге инвестиция бағытталады. Бұл қолдау мен жоспарлар Түркістанды Орта Азиядағы ең көрікті шаһарлардың біріне айналдыруға серпін беретіні сөзсіз. Әсіресе, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қарқынды. Жан жадыратар жаңалықтар мен көз қуанттар өзгерістерді ел қазірдің өзінде білініп отыр. Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстар әлі де жалғаса бермек.