Түркістан облысының мыңға жуық тұрғыны солтүстік өңірлерге қоныс аударды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы «Еңбек» бағдарламасы бойынша халық арасында ақпараттандыру жұмыстарын бастады. Партия өкілдері Елбасының бастамасымен 2015 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарлама аясында халықты тығыз қоныстанған оңтүстіктен солтүстікке көшіру жұмыстарын кеңінен насихаттау мақсатында жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынды «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев ашып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.

«Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2015 жылдан бастап еліміздің жұмыс күші аз солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан халықты өз еркімен қоныстандырып, оларға қажетті жағдай жасау жұмыстары басталған болатын. Осы орайда, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы ішкі көші-қон процестерін реттеу және еңбек күші мол аймақтан, еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру жұмыстарын насихаттауды қолға алдық», - деді Бейсен Тәжібаев.

Аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысы өңірде 2015 жылдан бері басталып, бүгінгі таңда 881 отбасы немесе 3 377 адам қоныс аударған. Олар мемлекет тарапынан берілетін түрлі әлеуметтік көмектермен қамтамасыз етілген. Халықты қоныс аударуға ынталандыру мақсатында Солтүстік өңірлердің өкілдері кезең-кезеңімен облыста түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бірнеше кездесу өткізуде. Сонымен қатар солтүстік, шығыс өңірлеріндегі бос жұмыс орындары туралы мәлімет ай сайын алынып, аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарының базалық мәліметтеріне енгізіліп отыр. Тек ағымдағы жылдың І тоқсанында 3 мыңға жуық жұмыс орындары ұсынылды.

Айта кетейік, 2018 жылға республика бойынша бөлінген 1 706 квота негізінде облыстан 455 отбасы, 1 768 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Олар квотамен, көшу үшін берілетін субсидиямен қамтамасыз етілуде. Тұрақты мекенжайларын ауыстырғандардың басым бөлігі Сарыағаш (91 отбасы), Сайрам (63 отбасы), Мақтарал (75 отбасы), Ордабасы (49 отбасы) аудандарының тұрғындары. Ал, биылғы жылы облыстан 427 отбасы, 1 608 адам көшіру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 284 отбасы немесе 911 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударды. Олар Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына қоныс аударды.

Еске салайық, «Еңбек» бағдарламасына қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне – отағасына және әрбір отбасы мүшесіне бір рет 35 АЕК (88 375 тенге) мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Бүгінгі таңға дейін Түркістан облысынан қоныс аударғандардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмысқа қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамтылған. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін , мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері берілуде. Бос тұрған ғимараттар ұсынылып, сонда қоныстанып жатыр. Барған азаматтар сондай-ақ, көшіп-қонуға байланысты мемлекет тарапынан берілетін материалдық көмектермен қамтамасыз етілуде.


Соңғы жаңалықтар