Түркістан облысының полицейлері 3 рет сотты болған пәтер ұрысын ұстады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында 3 рет пәтер ұрлығы және 1 рет тонау бойынша сотты болған әккі ұры тағы да қылмыс жасап, қолға түсті, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Ордабасы Аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз білеулер оның үйінен әшекей бұйым мен ноутбугын ұрлап кеткенін жеткізеді. АПБ қызметкерлері аталған жайтты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алып, іс қозғайды. Жәбірленушіге келтірілген шығын 245 000 теңге.
Тұрғынүйге ұрлыққа түсушілерді анықтау, қылмысты ашу мақсатында тәжірибелі де білікті полицейлерден арнайы топ құрылды. Олар жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, жақын маңдағы бейнебақылау камералары арқылы күдіктінің ізіне түседі. Яғни, күдікті өз туысының үйіне қонаққа келген шардаралық тұрғын болып шығады. Осылайша күдіктінің жеке басы, 3 рет пәтер ұрлығы және 1 рет тонау бойынша сотты болғандығы да анықталды. Полицейлердің қырағылығының арқасында қылмыс дер кезінде ашылды.
Белгілі болғандай, күдікті таңертеңгі уақытта үй иесінің жоқтығын пайдаланып, ұрлыққа түскен. Қазіргі таңда ол қамауда. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшыларының айтуынша, оның басқа да қылмыстық істерге қатысы болуы мүмкін.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға ұрылардан сақ болып, тұрғын-үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштарды орнатуға кеңес береді.
Сонымен қатар, ұрылардың жолын кесу мақсатында есікке мықты құлыптар, терезеге темір тор орнату керегін ескертеді.