Түркістан облысының прокуроры ауыл тұрғындарымен кездесті

ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат – Түркістан облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров Түлкібас халқымен кездесіп, 12 азаматты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысының прокуроры ауыл тұрғындарымен кездесті

Кездесу барысында тұрғындар негізінен әлеуметтік мәселелерге қатысты көптеп сауалдар қойды. Оның ішінде жеткілікті қамтамасыз етілмеген жанұялардың әлеуметтік жәрдемдерді алудағы қиындықтары, ауылдағы жұмыссыздық, жолдардың жөнделуі және көшелерді жарықтандыруға қатысты болды. Қаралған әрбір мәселе жөнінде тиісті ұсыныстар мен түсініктемелер беріліп, прокуратура қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар облыс прокуроры ауданға сапары барысында жергілікті атқару және құқық қорғау органдарының басшылығымен кездесіп, өңірдегі ауыр қылмыстар мен мал ұрлығы және жол-көлік оқиғаларына қатысты қылмыстарды төмендетуге байланысты атқарылатын жұмыстар туралы сұрақтарды талқылады. Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару және жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мәселесін түбегейлі шешу жөнінде тапсырмалар берді.

Кездесудің нәтижесінде Нұрғалым Әбдіров мемлекеттік органдарға елді мекендерге шығып, халықпен кездесу арқылы оларға тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы атап өтті.