Түркістан облысының таулы аймағында адасып қалған турист құтқарылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының таулы аймағында адасып қалған турист құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Түркістан облысының таулы аймағында адасып қалған турист құтқарылды

Түркістан облысы ТЖД «112» құтқару қызметіне 29 мамырда шамамен сағат 23:00-де Түлкібас ауданы Қожаберді ауылының оңтүстік беткейінде турист таулы аймақта өз тобынан қалып қойып, адасып кеткені туралы хабар берілген.

Іздестіру-құтқару жұмыстары бойынша Түркістан облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқару бөлімшесі аталған мекенжайға шығып, 29 мамырда сағат 1:00-де 1987 жылғы ер азаматты тауып, қауіпсіз жерге шығарды. Туристке медициналық көмек қажет болған жоқ.

Бұл – Түркістан облысының таулы аймақтарында биыл болған бірінші оқиға.

Осы орайда, облыстық ТЖД тұрғындар мен қонақтарға ескертеді:

- тауда тек топпен қозғалу қажет, одан бөлінуге болмайды;

- ауа райы болжамын алдын ала анықтап алу керек;

- қозғалыс қарқынын топтағы ең әлсіздерге қарай анықтау керек;

- қараңғы уақытта немесе тұман кезінде қозғалуға болмайды;

- қауіпті учаскелердің, жылдам ағатын өзендердің ықтимал қауіптерін мұқият бағалау керек;

- таулы аймақтарда жолды мұқият қадағалаңыз, әсіресе жаңбырдан кейін мұқият болу керек;

- беткейлерде және шұңқырларда жатқан тастарды баспау керек;

- алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті дәрі-дәрмек қобдишасы болу қажет;

- жылы киім, қажетті азық-түлік, жеткілікті мөлшерде су қоры болуын қамтамасыз ету керек;

- бейтаныс маршрутпен алғаш рет жорыққа шықсаңыз, міндетті түрде тәжірибелі жолсеріктің болуын қамтамасыз ету қажет.