Түркістан облысының таулы аймағында адасып қалған турист құтқарылды
Түркістан облысы ТЖД «112» құтқару қызметіне 29 мамырда шамамен сағат 23:00-де Түлкібас ауданы Қожаберді ауылының оңтүстік беткейінде турист таулы аймақта өз тобынан қалып қойып, адасып кеткені туралы хабар берілген.
Іздестіру-құтқару жұмыстары бойынша Түркістан облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқару бөлімшесі аталған мекенжайға шығып, 29 мамырда сағат 1:00-де 1987 жылғы ер азаматты тауып, қауіпсіз жерге шығарды. Туристке медициналық көмек қажет болған жоқ.
Бұл – Түркістан облысының таулы аймақтарында биыл болған бірінші оқиға.
Осы орайда, облыстық ТЖД тұрғындар мен қонақтарға ескертеді:
- тауда тек топпен қозғалу қажет, одан бөлінуге болмайды;
- ауа райы болжамын алдын ала анықтап алу керек;
- қозғалыс қарқынын топтағы ең әлсіздерге қарай анықтау керек;
- қараңғы уақытта немесе тұман кезінде қозғалуға болмайды;
- қауіпті учаскелердің, жылдам ағатын өзендердің ықтимал қауіптерін мұқият бағалау керек;
- таулы аймақтарда жолды мұқият қадағалаңыз, әсіресе жаңбырдан кейін мұқият болу керек;
- беткейлерде және шұңқырларда жатқан тастарды баспау керек;
- алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті дәрі-дәрмек қобдишасы болу қажет;
- жылы киім, қажетті азық-түлік, жеткілікті мөлшерде су қоры болуын қамтамасыз ету керек;
- бейтаныс маршрутпен алғаш рет жорыққа шықсаңыз, міндетті түрде тәжірибелі жолсеріктің болуын қамтамасыз ету қажет.