Түркістан облысының тұрғындары атаулы әлеуметтік көмекке кәсіптерін ашуда

ТҮРКІСТАН. Қазақпарат –Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр Сарыағаш ауданына барып, белгіленген мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген тұрғындармен кездесті. Тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне барып, жағдайларымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысының тұрғындары атаулы әлеуметтік көмекке кәсіптерін ашуда

Атаулы әлеуметтік көмек алғандардың бірі Сарыағаш қаласы тұрғыны Бахтияр Лесбеков. Бес баланың әкесі мемлекеттен тағайындалған 861 мың теңгесін алып, жеке кәсібін ашты. Қазіргі таңда отағасы тұрақты жұмыспен қамтылса, ал жұбайы түшпара жасайтын шағын кәсібін дөңгелете бастаған. Тағы қосымша екі азаматшаны жұмыспен қамтып отыр. Жеке кәсібін бұдан әрі дамыту үшін отбасы мемлекеттен берілетін қайтарымсыз «Грант» 500 мың теңге алуға ниет білдіруде.

Бүгінде көпбалалы жанұяның табысы ұлғайды. Атаулы әлеуметтік көмектің игілігін көргендердің қатарында Түлкібас ауданының тұрғыны Райхан Жасұзақова да бар. Алты баланың анасы тағайындалған 621 мың теңгенің 380 мыңын қолына алған. Қомақты қаржыға көптен бері армандап жүрген кәсібін іске асырып, аудан орталығында орналасқан әсемдік салонынан бір орынды жалға алған.

Қажетті құрал саймандарын толықтырған келіншек сүйікті кәсібімен шұғылданып, табыс табуда. Алдағы уақытта ол мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдауды пайдалана отырып, сұлулық салонын ашуды жоспарлап отыр.