Түркістан облысының тұрғындарына әлеуметтік пакеттер таратылуда
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Келес ауданында тұрғындарға әлеуметтік пакеттер таратылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл әлеуметтік топтама тек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1 жастан 6 жастағы балаларға және 6 жастан 18 жасқа дейінгі мектеп жасындағы балаларға арналған. Келес ауданының ауыл және ауылдық округтерінен ағымдағы жылдың 1 тоқсанында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген 3922 отбасыдан өтініш түскен. Бұл жанұялардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі 6617 баласына кепілдендірілген әлеуметтік топтамасы мен химиялық тауарлар пакеті беріліп жатыр. Сондай-ақ, 6-18 жас аралығындағы 6 мыңнан аса бала ыстық тамақпен қамтылатын болады. Қазіргі уақытта Ұшқын, Алпамыс, Жамбыл, Бозай және Бірлесу ауылдық округтеріне таратылуда. Сондай-ақ, өзге ауылдық округтердің барлығына да жеткізілмек.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ашықтықты, әділеттікті және еңбекке ынталандыруды қамтамасыз ете отырып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тетігін түзетуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Үкімет 2020 жылдан бастап әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа механизмдерін енгізген. Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер баланың жасына байланысты беріледі. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен оқу құралдарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ тегін медициналық қызмет көрсету қарастырылған.



