Түркістан облысының тұрғыны Атырауда вакцина салдырып, 200 мың теңге ұтып алды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Вакцина сал да, ақшалай сыйлыққа ие бол!» ақшалай ұтысы 4 рет ойнатылған. Ұтысқа ие болғандардың ішінде екі адам 3 млн теңгені, өзгелері 200 мың теңгені ұтып алған.
Ұтыстың 4-кезеңінде 200 мың теңгені иеленгендердің арасында Түркістан облысының тұрғыны Байқоныс Сәрсембаев та бар. Атырау облысында ауысымдық тәсілмен жұмыс істейтін ол осындағы егу бекетінен вакцина салдырған.
«Қазақта «Жүгірген жетпес, бұйырған кетпес» деген нақыл бар ғой. Вахталық жұмысқа барар алдында өз денсаулығымды ойлап, вакцина салдырған едім. Бірақ, ақша ұтамын деген ой болған жоқ. Дегенмен, қай кезде де ақша артық етпейді ғой» -дейді Байқоныс Сәрсембаев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын вакцина салдырған атыраулық туған күнінде 200 мың теңге ұтып алған болатын.