Түркістан ортаазиялық стильдегі қалаға айналады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласы алдағы уақытта ортаазиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен дамитын болады. Қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізіледі. Бұл туралы Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Әліпбек Өсербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Түркістан ортаазиялық стильдегі қалаға айналады

Шаһардың болашақ келбеті туралы да баяндаған  Әліпбек Өсербаев үш бағытты да атап кетті. Оның сөзінше, бірінші бағыт «Тарихи аймақ» деп аталады. Оған сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан тарихи аймақтағы 88,7 гектар жерге орналасқан 18 нысанды реставрациялау көзделген. Ал, «екінші бағыт рухани-мәдени орталық» аймағы 98 гектар жерге жоспарланып отыр. Үшіншісі әкімшілік-іскерлік орталығының аймағы 700 гектарды құрайды. Онда облыстық әкімдік ғимаратынан бастап, басқармалар мен департаменттер ғимараты, Медиа орталық, Сауда орталықтары мен тұрғын үй кешендері, жастар мен оқушылар сарайы, спорт, мәдени кешендердің құрылысы түседі деп күтілуде. Шаһар басшысы сондай-ақ, қаланың әлеуметтік-экономикалық жағына да тоқталып кетті.

Әкімнің мәліметінше, қала халқының 94,1 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал, сапалы электр энергиясымен қамту көрсеткіші 99,8 пайызға жеткен. Қазіргі таңда, коммуналдық қызметпен толық қамту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.

«Түркістан қаласындағы жалпы ішкі өнім халықтың жан басына шаққанда 412, 6 мың теңгеге жеткен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 411,2 мың теңгені құраған. Өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында 35 кәсіпорын жұмыс істейді. Есепті кезеңде жалпы өнеркәсіп өнім көлемі 11 млрд  309 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 106 пайызды құраған. Үдемелі индустриялды - инновациялық даму бағдарламасы аясында 2010-2017 жылдары жалпы құны 2 млрд  214 млн  теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылып, 539 жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім көлемі 1 767,2 млн  теңгені құрап отыр», - деді Әліпбек Өсербаев.