Түркістан полициясында күміс алқалы батыр ана қызмет етеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркістан полициясында мойнына күміс алқа таққан батыр ана қызмет етеді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы полиция департаменті Келес ауданы полиция бөлімінің көші-қон қызмет тобында аға инспектор, полиция майоры Гүлжан Құралбекова қызмет етеді.

Гүлжан 1979 жылы 22 желтоқсанда Түркістан облысы Сарыағаш қаласында дүниеге келген.

Кішкентайынан алғырлығымен көзге түсіп, зеректігімен дараланып өскен қыздың мектептегі оқу үлгерімі өте жақсы болды.

Қай салаға болса да икемі бар бойжеткен экономика саласына қызығушылық танытып, Сарыағаш қаласындағы ауылшаруашылық колледжіне оқуға түседі.

Бала кезгі қалпынан танбай, өзінің оқу озаты деген дәрежесін төмендетпей, 18 жасында экономист-бухгалтер мамандығын қызыл дипломмен тәмамдады. Әрі қарай мамандығы бойынша түрлі мекемелерде хатшылық қызмет атқарып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.

Алайда оның алға құрған жоспары мүлде басқа болатын. Гүлжан өзін полицей формасында жиі елестететін және армандайтын.

Содан 2002 жылы бұл арманы түбегейлі өмірлік мақсатына айналып, Ақтөбе қаласына оқуға түсті.

Қандай жұмыс болсын, қандай сала болсын дөңгелетіп әкетуге дағдыланған үздік жас маман Ақтөбе заң колледжін де қызыл дипломмен сәтті аяқтады.

Сонымен екі жылдық оқудан соң туған жеріне қайта оралып, ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы болып ішкі істер саласындағы алғашқы қызметін бастады.

Жұмысына жауапты, әр ісіне тиянақты бола білген жас полицей көп ұзамай көші-қон полиция бөлімшесінің инспекторы лауазымына тағайындалды.

Оқуда озат болып, жақсы нәтиже көрсеткен Гүлжан қызметте де тек үздіктер қатарынан көрінді. Осы қызметте жүріп өмірлік серігін тауып, тұрмыс құрды.

Дәстүр жолымен өзінің міндетінде адал атқарып, қазір де сол әулеттің шаңырағын шайқалтпай, түтінін түтеп отыр.

Сарыағаш қаласында 17 жыл бойы абыройлы қызмет атқарған білікті маман 2021 жылдан бері Келес ауданы полиция бөлімі көші-қон қызмет тобының аға инспекторы лауазымында келелі істер тындырып жүр.

Еліміздің көші-қон қызметінің тұрақты дамуына ат салысып жүрген қызметкеріміз демография саласының өркендеуіне де зор үлес қосуда.

Қазіргі таңда иығына майор шенін, мойнына күміс алқа таққан батыр ана екі ұл мен төрт қызды мәпелеп өсіріп отыр.

Бүлдіршіндерін айналып-толғанып, солардың болашағы үшін аянбай тер төгіп, қолынан келгенін жасап бағуда.

– Көктеммен бірге жылулығы мен сұлулығын ала келген әйелдер мерекесіне орай аналар қауымына айтар алғысым шексіз. Олардың әрбір көрген бейнетінің зейнетін көргенін қалаймын. Бұған қоса полиция саласындағы барша нәзік жандыларға көтеріңкі көңіл-күй, еңбектеріне береке, жанұяларына бақыт тілеймін. Қазақстандықтардың қауіпсіз қоғамда өмір сүруі үшін олардың қосқан үлесі орасан зор. Еліміз тыныш болып, болашағамыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болсын, – деп өзінің ыстық лебізін жеткізді батыр ана.


Соңғы жаңалықтар