Түркістан саябағында үш жеткіншек орындықтар мен қоқыс жәшігін сындырған
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістанда үш жасөспірім қызық үшін саябақтағы қоқыс жәшігі мен 3 орындықты сындырып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құқық бұзушы жеткіншектер таңғы 04:55 шамасында қыдырып жүріп, қызық үшін өрескел әрекетке барған.
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша ҚР ҚК 202-бабымен («бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру») сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Бұл жағдай бойынша Түркістан қалалық полиция басқармасына «Жасыл Түркістан» мекемесінің қызметкерлері шағымданған. Ақпарат алысымен полицейлер шұғыл әрекет етті. Жедел-іздестіру шаралары атқарылды. Бейнебақылау камералары жіті тексерілді. Соның нәтижесінде саябақта теріс әрекет жасағандардың әрекеті жазылған бейнежазба табылды»,-дейді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Әбдіжаппарова.