Түркістан шаруалары 10 мың гектарға жуық алқаптан бір жылда 2-3 рет өнім алмақшы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркістан облысының шаруалары 9303 гектар алқапта «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасын іске асырмақшы. Бұл туралы өңір әкімі Дархан Сатыбалды орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан шаруалары 10 мың гектарға жуық алқаптан бір жылда 2-3 рет өнім алмақшы

«Өңірдің ауыл шаруашылығында өнім көлемі 5 жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Агроөнеркәсіп кешеніне жалпы 336 млрд теңге инвестиция тартылған», - деді ол.

Айтуынша, салада жаңа технологиялар кеңінен қолданылып келеді.

«Қарқынды бау көлемі биыл 5405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде өнімділік 5 есе артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналады. Су үнемдеу технологиясы 28 763 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9303 гектарға ендірілді. Аталған тәсіл ағын суды 2 есе үнемдеуге, өнімділікті 3 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Республикадағы жылыжайлардың 71% біздің облысқа тиесілі. Жалпы көлемі 1511 гектарға жетті», - деді Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ, әкім 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарланғанын айтты.

«Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 3 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету үшін биыл 60 жобаны іске асыру жоспарланса, бүгінгі таңда соның 16-сы іске қосылған», - деді облыс әкімі.