Түркістан тұрғынынан травматикалық қару мен оқтар тәркіленді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркістан облысында полицейлер тұрғыннан травматикалық қару мен оқтар тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы ПД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына «жергілікті тұрғынның бірі өзімен қару алып жүруі мүмкін» деген хабарлама түседі. Осы хабарлама негізінде полицейлер сағат 1:30 шамасында Б. Майлин көшесінде «MATIZ» маркалы көлікті тоқтатады.
Анықталғандай, көліктегі жолаушының бірі күдікті болып шығады. Тінту барысында күдіктіден қару, яғни тапанша мен 4 дана оқ, 1 күкірт қорапшасына салынған «марихуана» есірткісіне ұқсас затты тауып, тәркілейді.
«Оқиға орнына жедел тергеу тобы шақыртылып, аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді. Куәлардың қатысуымен алынған қарудың травматикалық тапанша екені белгілі болды. Сараптама тағайындалды. Бүгінгі таңда күдікті жолаушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталады», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.