Түркістан жұртшылығы ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан қаласында 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шаралар өтті. Алдымен Түркістан қаласындағы жоғары медицина колледжінде өткен жиында қатысушылар Сұлтанбек Қожановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан жұртшылығы ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Еске алу шарасында сөз сөйлеген Түркістан облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев ХХ ғасырдағы ашаршылықта миллиондаған қандасымыз қырылып, елдің қаймақтары саналатын ұлт қайраткерлері саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын айтты.

«1930 жылдары А.Байтұрсыновтың жазба дерегінде қазақтың саны 6 миллионнан асқан болса, оның 2 миллионнан астамы аштықтан қырылған. 2 миллионға жуық қандасымыз шетел асып кетті. Сталин мен Голощекиннің саясатына қарсы шығып, қазақтың қамын ойлаған қайраткерлеріміз, көшбасшыларымыз, көзі ашық азаматтарымыз саяси қуғын-сүргінге ұшырады», - деді ол.

Сондай-ақ М.Отарбаев қиын кезеңде ұлт үшін шейіт болған асыл ерлерді ұмытпай, олардың есімін ұрпақ санасына сіңіру керектігіне тоқталды. Бабаларымыз қалдырған ұлы далаға иелік етіп, аманатқа адал болу - міндетіміз екенін айта келе мұндай зұлмат енді қайталанбасын деген тілегін жеткізді.

«Осы күні Түркістандағы С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп лицейінде, Н.Төреқұлов атындағы №8 жалпы орта мектебінде және М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-лицейінде де еске алу шаралары өтті. Сонымен қатар Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрында Д.Исабековтың «Өйтпесе Мағжан бола ма?» спектаклі көрермен назарына ұсынылса, музейлерде ашаршылық құрбандарына арналған көрме ұйымдастырылды», - делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
null null null null null null