Түркістанда 114 млн теңге субсидияның заңсыз берілгені әшкере болды
Облыстық прокуратураның мәліметінше, ауылшаруашылығы бөлімінде талаптың күшейтілгеніне қарамастан, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қаралған субсидия қаржысын жымқыру, шаруаларға заңсыз субсидия беру және бекітілген Ереже талаптарының сақталмауы жиі орын алған.
Сонымен бірге, өзгенің жер учаскесінің құжаттарын пайдаланып, көпжылдық жеміс-жидек дақылдарын отырғызу арқылы субсидия алған 2 шаруа қожалығының алаяқтық әрекеті анықталды. Осы дерек бойынша 4 қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ал, жайылымдық жер учаскесінің нысаналы мақсатын бұзып, ол жерге көпжылдық жеміс дақылдарын отырғызған шаруа қожалыққа қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Қалалық жер инспекциясы оған ҚР ӘҚБтК-нің 339 бабы негізінде әкімшілік шара қолданып, айыппұл салды. Қазіргі таңда көрсетілген заңбұзушылықтарды жойып, тиісті шара қолдану туралы Түркістан қаласы әкімінің атына ұсыныс енгізілген. Кінәлі деп танылған 6 тұлға тәртіптік жауапқа тартылды.