Түркістанда 2500 мың тонна халал желатин өндірілмек
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев малайзиялық PNMB International бас директоры Ахмад Сязалимен кездесті. Әлемдегі желатин өндірісінің бастамашысы болып табылатын компания облыс аумағында 35 миллион АҚШ долларының (15,5 миллиард теңге) «KazGelatine» инвестициялық жобасын іске асырмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Халал» стандартына сәйкес жұмыс істейтін компанияның өнімі Араб елдерінде үлкен сұранысқа ие. Малайзиялық компания жылына 2500 тонна желатин үгіндісін шығаратын, 750 мың ірі қара мен жылқының терісін өңдейтін өндіріс бастамашысы саналады. Өңірде жүзеге асырылатын жобаның құны 35 миллион АҚШ долларын (15,5 миллиард теңге) құрайды. Өндіріс орны азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (IOFS) келісіміне сәйкес жұмыс істейді. Индустриалды аймақтың инвесторына аумағы 8 га жер беріледі. Өндіріс іске қосылғанда 70 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Тауарды Қазақстан, Өзбекстан, БАӘ, Сауд Арабиясы мен Үндістан елдеріне экспорттау көзделген.
«Мен жобаңызды біздің облыста жүзеге асыруға ниет білдіргеніңіз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Әкімдік атынан сіздердің кәсіптеріңізді сәтті іске қосу үшін бар күш - жігерімізді саламыз. Білуімше, сіздің өндірісіңіз елдегі халал желатиніне деген сұранысты толықтай жаба алады және ең бастысы, бұл Орталық Азиядағы жалғыз түрі болады», - деді облыс әкімі.

Айта кету керек, маңызды аминқышқылдарының көп мөлшерін қамтитын табиғи ақуыз көзі өндірісінің әлемдік индустриясында тек 2% - ы халал. Сондай-ақ, іске қосылатын өндіріс желатинді өндіруден бастап, оны кейіннен қайта өңдеумен, саудаға және басқа кәсіпорындарға жіберу үшін ораумен толық циклды іске асыратын кешен болмақ. Тамақ өнеркәсібінен басқа салаларда да өнімді тарату жоспарда бар. Қазақстан нарығында желатин өндірісі кенже қалған. Ал, желатинді экспорттаушылар - Беларусь, Ресей, Италия, Қытай және Бельгия мемлекеттері.


