Түркістанда 500 түлек университетте тегін оқитын болды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркия квотасын жеңіп алған талапкерлерге тегін білім сертификаты табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат университеттің ақпарат орталығына сілтеме жасап.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне Түркия Республикасы тарапынан 500 грант орындары бөлінді. Бұл - ҰБТ мен кешенді тестілеуден жоғары ұпай жинап, алайда Қазақстан грантына іліге алмаған талапкерлердің білім алуына берілген үлкен мүмкіндік.
Білімді жастарға Түркия грантын үлестірген оқу орны дарынды талапкерлерге басымдық беріп отыр. Әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған білім сертификаттары халықаралық және республикалық пәндік олимпиаданың 34 жеңімпазына, Әлем, Азия, республика деңгейінде жүлдегер атанған 10 спортшы жас жеткіншекке, сондай-ақ, 10 тұл жетімге берілді. Олардың қатарында Еламан Балтабаев, Әбдіғани Бибарыс, Әубәкір Мәди, Диана Раимова, Молдаш Кемелбек секілді болашағынан зор үміт күттірген спортшылар мен «Ақберен», «Ата-жұрт», «Ясауи», «Дінтану» халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен мүшәйраларының жеңімпаздары бар. Ал, қалған білім гранттары ҰБТ мен кешенді тесттен жоғары ұпай жинап, мемлекеттік грантқа іліне алмаған білімді жастарға үлестірілді.
Сондай-ақ, университет түлектері Нұртаза Көкенов, Ербол Шаланов және Еркін Жақыпов сынды азаматтардың атынан үш студентке 300 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Айта кетерлік тағы бір жайт, Ахмет Ясауи университеті өңір халқының әлеуметтік жағдайын ескере отырып, биылдан бастап білім алу төлемақысын төмендетіп отыр.