Түркістанда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Облыс орталығы Түркістанды түлету бағытында қазір қала аумағы 32 секторға бөлініп, барлығында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен қала аумағы аудан-қала әкімдіктер мен мекемелерге бөлініп берілген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Келес ауданы мен Түркістан қалалық мемлекеттік сатып алу бөлімінің еншісіне берілген 16-шы секторда «Яссы», «Баянауыл», «Қарашық» мөлтек аудандары орналасқан. Сектор бойынша жалпы жер көлемі 850 гектарды құраса, ондағы үйлердің саны – 1317-ге жетіп отыр. 4 мыңнан аса тұрғын мекендейтін аумақта 47 көше бар. Қазіргі таңға дейін 16- сектор аумағында 6260 дана ағаш көшеттері отырғызылып, жас дарақтардың төлқұжат мен картасы жасалған. Егілген тал-дарақтар бүгінде толығымен «Жасыл Түркістан» КММ-нің қарауына өткізіліп, олар техника арқылы суарылуда.

Сондай-ақ, жарықшамдар мен қоқыс жәшіктері, орындықтар мен аялдамаларды орнату жұмыстары бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізілуде. Тіпті дизайндерінің біркелкі болуы да бақылауға алынған.

Сектор аумағындағы ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіру жөнінде меншік иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 120 тұрғын үй, 3 кәсіпкерлік нысанның қасбеттері ретке келтірілген. Қасиетті Түркістан қаласын көгалдандыруға Келес ауданынан 15 адам, жергілікті тұрғындардан 5 адам тұрақты жұмысқа тартылған. Тазалық жұмыстарына 3 техника жұмылдырылған. Қаладағы Руханият көшесінің бойынан жастардың бос уақытын тиімді әрі көрікті өткізуі үшін аллея соғылуда. Қазіргі таңда аллея аумағына аяқ жолдар төселіп, декоративті ағаш көшеттері мен газон егілуде. Жуық арада жаңа аллея ел игілігіне беріледі.