Түркістанда әкімдер мен мемқызметшілер жұмысқа ұлттық киім киіп келді
Ұлттық болмысымызды, мәдениетіміз бен киімімізді дәріптеуге арналған бастаманы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастап берді.
Әріптестерін келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаған өңір басшысы облыс әкімі аппаратының кезекті отырысын өткізді.
– Сіздерді ұлттық киімде көріп көңілім көтеріліп кетті. Ұлттық киім мемлекеттік қызметшінің болмысын ерекше етіп көрсетеді. Мәдениетіміз бен дәстүрімізді қолдаған жөн. Наурыз жақсылығымен келіп, халқымыздың берекесі арта берсін, – деген Дархан Сатыбалды күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, тапсырма берді.
Облыстық басқарма басшылары мен қызметкерлері, аудан, қала әкімдері мен әкімдік ұжымдары да жұмысқа ұлттық киіммен келіп, бастамаға қолдау көрсетті.
Түркістан өңірінің мемлекеттік қызметшілері алдағы уақытта да ұлттық киім киюді дәстүрге айналдыруды көздеп отыр.