Түркістанда «Ақылды квартал» жобасы жүзеге асырылып жатыр
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында Цифрландыру орталығы отандық IT-жүйелерін әзірлеушілермен бірлесіп, бірнеше пилоттық жобаны жүзеге асыруда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының Цифрландыру орталығының басшысы Асылбек Жанғұлов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Асылбек Жанғұловтың айтуынша, ағымдағы жылдың желтоқсан айында Түркістан қаласының қоғамдық көліктерінде электронды билеттеу жүйесі жұмысын бастайды. Сонымен қатар, облыс орталығындағы «Отырар» шағын ауданында көппәтерлі 10 үйді қамтитын «Ақылды квартал» жобасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыстар жүріп жатыр.
Сондай-ақ, облыстық ПД-мен бірігіп, қауіпсіздік пен бейнебақылауды қамтамасыз ету бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін облыстық ТЖД үшін «112» автоматтандырылған жүйесін қолданысқа енгізу көзделіп отыр.
«Цифрландыру жобаларын үйлестіруді, сараптамалық қолдауды және өзара ықпалдастыруды қамтамасыз ету үшін Түркістан облысы әкімдігі «Түркістан» ӘКК» АҚ базасында 2018 жылы қазан айында цифрландыру орталығын құрды. Қазіргі уақытта Цифрландыру орталығы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 15-тен астам халықаралық және қазақстандық IT компаниялармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Атқарылған іс-шаралар Түркістан облысына салынатын инвестиция көлемін 30 млн АҚШ долларына жеткізіп, IT-мамандар үшін қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді деп күтілуде», - деді Асылбек Жанғұлов.
Сондай-ақ, цифрландыру орталығы мемлекеттік органдардың мамандарына, облыстық, аудандық және қалалық әкімдіктерге цифрландыру бойынша жол карталарын әзірлеуде қолдау көрсетеді. Түркістан облысының барлық қалаларының ішінде алғаш болып Түркістан облысындағы цифрландыру бағдарламасына Сарыағаш қаласы қосылды. Цифрландыру орталығымен бірге ақылды қала - Sary Agash Digital жобасы әзірленді.
Айта кетейік, 2021 жылға дейін есептелген жобалар портфелінде 28 жоба бар. Олар қаланы тиімді басқару және осы процеске азаматтарды тартуды қамтамасыз етпек. Цифрландыру орталығының алдағы жоспары - Ұлттық Геоақпараттық жүйенің бір бөлігі ретінде Түркістан облысының Бірыңғай геопорталын құру, сонымен бірге Түркістан облысын цифрландыруға ниетті отандық IT компанияларға цифрландыру жобаларын жүзеге асыру үшін бірыңғай сервистік модель ұсыну.